Нұрлы жол - болашаққа бастар жол
Нұрлы жол - болашаққа бастар жол ҚР Мәжілісінің бір топ депутаттары «Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бағытындағы кезекті отырысын «Көлік және коммуникация колледжінде» өткізді. Болашақ білімді ұрпақтың қолында. Жолдауға өзек болған «Мәңгілік ел» идеясы кемел елдің білімді азаматын тәрбиелеуге қызмет етеді. Осыны ескерген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әсима Темкеқызы Бимендина, Надежда Михайловна Петухова, Қазақстан Республикасының инвестиция және даму Министрлігінің стратегиялық жоспарлау Департаментінің директоры Берік Темірғалиұлы Бекенов 2014 жылдың желтоқсанның 19 күні колледж мәжіліс залында кездесу өткізді. Кездесуді колледж директоры, профессор Зулфухар Султанұлы Гаипов кіріспе сөз сөйлеп ашты. – «Биылғы Елбасы Жолдауының білім саласы қызметкерлері үшін де орны ерекше болды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауында «Мәңгілік ел» қағидасына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін батыл айқындауы – ел болашағын кемел етудің кепілі. Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар қажет. Біз ұстаздар қауымы әрдайым Көшбасшымыздың әр Жолдауынан тың серпін, жаңа бағыт-бағдар аламыз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әсима Темкеқызы Бимендина. – Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Осының барлығы Елбасының қамқорлығының арқасында», – деді халық қалаулысы Надежда Михайловна Петухова. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның білім саласына ерекше назар аударып келеді. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады, – деп толықтыра түсті Қазақстан Республикасының инвестиция және даму Министрлігінің стратегиялық жоспарлау Департаментінің директоры Берік Темірғалиұлы Бекенов. Халық қалаулылары өз сөздерінде Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім және ғылым саласына көңіл бөлінгенін ерекше атап өтті. Жастар саясаты, болашақ ұрпақтың кемелденуіне жасалатын қамқорлық деңгейі артып отырғаны сөз болды. Сондай-ақ, денсаулығын нығайту, білімін жетілдіруге жасалып отырған ұлан-ғайыр жұмыстар жайлы жан-жақты баяндап берді. Жолдауда белгіленген жұмыс ауқымын жүзеге асыра білу әрбір қазақстандықтардың парызы. Қазақстанның гүлденуі мақсатында алыс-жақын елдермен қатынас жасаудың түйіні теміржол, автокөлік және әуе қатынастары арқылы дамитыны аян. Сол бағыттағы белгіленіп, ақтарылып жатқан тың жобалардың нәтижесі талдап түсіндірілді. Бұл іске болашақта осында отырған жастардың да ат салысатынын еске салды. Ұстаздар қауымына үкімет пен депутаттар тарапынан қолға алынып жатқан көптеген игі қадамдар бары жайлы естіген оқытушылар мен студент-жастар ризашылықтарын білдірді. Депутаттарға ұстаздар қауымы көптеген сауалдар қойып, лайықты жауаптар алды. Кездесу соңында ҚР Мәжілісінің депутаттары ұстаздар қауымының жеке өтініштеріне байланысты қабылдау өткізді.
А.Мурзабаева
|