Body: 

2019 жылғы 6 наурызда Көлік және коммуникация колледжінде жыл сайынғы дәстүрлі түрде аталып өтетін, көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өткізілді.
Аяулы аналар мен айдай көркем аруларымызға арналған кеште ұжым басшысы Зулфухар Сұлтанұлы барлық апалар, аналар мен қыздарды мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтап, әр үйдің алтын діңгегі болған аналарға қанша құрметпен сый көрсетсек те аздық ететінін, аналар осынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің ажары және көркі екенін айтты. Осы жүрек жарды лебізінен соң, ақын Жүрсін Ермановтың «Әйелге ода» атты өлеңін оқып, барша әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады.
Кеш барысында, еліміздің білім беру саласына үлес қосқан колледж оқытушыларын- Астана қаласы Білім басқармасы, Сарыарқа аудандық әкімдігі және колледж директорының Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік концертке ұласқан, кештің көрігін қыздырған, халықаралық сайыстардың лауриаты - Мирхан Жұмабековтың қазақтың қара домбырасымен көрсеткен өнері ұстаздарымызға қатты ұнады. Әлем халықтарының әуенінде жырлаған домбыраға қол соқпаған адам қалмады. «Анаңа қоңырау шалдың ба?» әнімен жүрек тебіренткен Астана қаласының жас жұлдызы - Асқар Жайлаубаев та көрермен қошеметіне бөленді.
Мерекелік кеш соңында колледждің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері- Нұрболат Сейтмұратов «Анаға сый» өлеңін орындады. Мерекелік концерттен құшақтары гүлге, көңілдері әнге толған ұстаздарымыз - колледж басшысы мен ұжымның ер азаматтарына зор алғыстарын білдірді.


 

 

Г. Мырзагалиева