Body: 


Ақпанның 14 жұлдызында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Халық әндері – сарқылмас қазына» тақырыбында ұстаздар мен студенттердің қатысуымен «Екі жұлдыз» атты жұптық ән байқауы өтті.
Халық әндері – әр халықтың сипатын, салт-дәстүрін, мәдениетін көрсететін сарқылмас қазына, бұл болашақ ұрпақпен байланыс. Байқаудың басты мақсаты – халық мұрасының рухани құндылықтарын сақтау және көбейту, жас ұрпаққа халық әндеріне деген сүйіспеншілік пен құрметке баулу, халық мәдениетінің қазіргі заманғы ырғақтарын ұстану.
Ең алдымен, ән – өнер. Ән адамның көңіл – күйі, тебіренісі мен толғанысы, қуанышы мен жұбанышы. Ән – халықтың өмір айнасы. Халық әндеріне тән тағы бір белгі – әннің мазмұндылығы, елдің өмірі, тұрмыс тіршілігімен сабақтастыру.
Байқаудың шымылдығын С.Қайырғалиевтің «Екі жұлдыз» әнімен Бақыт Ұланбек пен Назира Қайратова ашты. Колледж директоры Гаипов Зулфухар Султанұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, өз ризашылығын білдірді. Байқауға алты жұп қатысып, бақ сынасты. Көңілді, әуезді, ырғақты әндер шырқалып, әр ән кішігірім көрінісімен өрнектелді.
Байқаудың қорытындысы бойынша І орын Шүрен Жазира мен Сәйпідін Ерханға, ІІ орын Шаяхметова Жазира мен Адал Асхатқа, ал ІІІ орын Нығметова Лира мен Ғайнулла Еркеназға бұйырды.
Орын ала алмаған қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Екі жұлдыз» ән байқауы колледждің тәрбие жұмысы бойынша дәстүрлі атқарылатын іс-шараға айналған.

 

 

Г.Мырзагалиева